Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдеріне арналған аудандық семинар-тренинг

2023 жылы 30 наурыз күні «Байтерек орта мектебі» КММ кешенінде «Қазақ тілі мен әдебиет пәндеріне заманауи әдіс-тәсілдерді енгізудің тиімді жолдары» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері үшін аудандық семинар-практикум ұйымдастырылды.

Семинардың мақсаты: Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында белсенді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру. Аталмыш семинарға 20-дан астам білікті қатысушылар қатысты.

Семинардың бағдарламасына сәйкес, Бәйтерек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Кайкбаева Гулдана Абдуллаевна, Көксеген Дария және Тулебаева Гульжанат Рахимовна ашық сабақтарын көрсетті. Қатысушылар ашық сабақтарға талдау жасап, алған әсерлерімен бөлісіп, өздерінің тәжірибелерінде пайдалануға болатынын, көп нәрсе үйренгендерін айтып, әр пәнге деген өз көзқарастарымен бөлісті. Жаңа үлгідегі өткізілген әр ашық сабақтар, тренингтер ұстаздар қауымына арнаған тағылымы толықтай көңілдерінен шықты.

Семинар соңында түркі әлеміне ортақ ұлы ақын, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» тақырыбында әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Кеш барысында қазақ жастарына зор сенім артқан дарынды ақынның абақтыдағы азапты ғұмырын бейнелейтін сахналық қойылым көрсетілді.Оқушылар Мағжан атамыздың жыр шумақтарын мәнерлеп жатқа оқыды, ақын өлеңдерінен бастау алған жас ақындар да өз ойларынан шыққан жыр шумақтарын нақышына келтіре айтып берді. Патриоттық әндер де айтылып, күй де шертілді. Сонымен бірге ақынның «Сен сұлу», «Дайдидау» әні де шырқалды.

Семинар соңында спикер ұстаздарға Қызылжар аудандық білім бөлімінен арнайы алғыс хаттар, сертификаттар табыс етілді. Жалпы семинар ұстаздардың мотивациясын күшейтетін жоғары әдістемелік деңгейде өтті.

30.03.2023
Қараулар: 337
coronavirusАкорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Премьер egovОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиӘділет