9 қазан күні Қызылжар ауданына қарасты Қызылжар Абай орта мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі — ауыл мектебінде» тақырыбында аудандық семинар өткізілді.
Қызылжар Абай орта мектебінің ұжымы ауданымыздың мектеп директорларына облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова, «БӘЖ және АТО» директоры Роза Сәркен,білім мазмұны мен сапасы бөлімінің басшысы Валентина Черных, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев, педагогикалық шеберлік орталығының тренері Жания Опанова, аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Әбдірахманов және де ауданның орта мектеп директорларының қатысуымен, тәжірибе тарату семинары ұйымдастырылды.
Семинардың басты мақсаты «Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі — ауыл мектебінде» атты жобасын іске асыру , стратегиялық жоспарлау, білім сапасын жақсарту үшін вертикальды талдау және оқыту тәрбие процесінің әдістемелік қамтамасыз ету бойынша тәжірибемен бөлісу.
Семинар барысында шеберлік сағаттар, презентация ретінде ұйымдастырылып, қажетті ақпараттар берілді. Қатысушылар ең алдымен мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс барысында орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік жеке-меншік әріптестік жобасын іске асыруды қолдаудағы атқарушы биліктің рөлі жайында аудандық білім бөлімінің жетекшісі, ал «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастамасымен «Ауыл мектебі» жобасы аясында ауылдық мектептің дамуына әдістемелік қолдау көрсету туралы педагогикалық шеберлік орталығының тренері Жания Опанова ой қозғады. Сонымен қатар Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев «Ауыл мектебі» жобасы аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату бойынша мәлімет берді.
Қызылжар Абай орта мектебінің директоры Бауыржан Төленов «Білім беру ұйымын дамытуға бағытталған мұғалімдердің өзара әрекетін күшейту» тақырыбында мазмұнды ақпарат беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ білім ордасының дамуын стратегиялық жоспарлау, Оқушылардың білім сапасын арттыру, оқу мен тәрбие жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету тақырыптары кеңінен ашылды.
Жалпы семинар мектеп директорларының мотивациясын күшейтетін жоғары әдістемелік деңгейде өтті.
Қараулар: 997